Сұлтанбек Тәуіпбаев: Референдум - мемлекетіміздің болашағы үшін жасалатын маңызды қадам
Референдум - мемлекетіміздің болашағы үшін жасалатын маңызды қадам. Қызылорда облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қоғамдық кеңесінің төрағасының айтуынша, жалпы референдум - еліміздегі ең өзекті деген мәселелерді бүкіл халық болып шешу. Бұл - мемлекетіміздің болашағы үшін жасалатын маңызды қадам.
«Қазір өздеріңіз білесіздер, билік пен халықтың арасында байланыс күшейе түсуде. Оған өзім жетекшілік ететін облыстық қоғамдық кеңестен көз жеткізіп отырмын. Халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Бүгінде халық тарапынан туындаған қандай да бір мәселе болса, дер кезінде әлеуметтік желі арқылы, болмаса БАҚ арқылы, қоғамдық кеңестер арқылы көтеріліп жатыр. Ал, құзырлы органдар сол мәселеге бірден назар аударып, шешімін табуға жан-жақты атсалысуда», - деді Сұлтанбек Тәуіпбаев.
Ол референдумда болашағымыз үшін дұрыс шешім қабылданады деген сенім білдірді.
«Қазір елімізде маңызды стратегиялық жобалар біртіндеп жүзеге асырылуда. Қай сала болмасын өзгеріс, алға жылжу бар. Референдумның мемлекет тағдырына қатысты маңызды шешім қабылдауда рөлі зор дер едім. Өйткені әрбір шешім ол ел игілігіне бағытталмақ.
Референдум арқылы орын алған өзгерістердің барлығы еліміз үшін, еліміздің ертеңі үшін ең маңызды шешімдердің қабылдануы деп білемін. Қазіргі таңда елімізде ертеңімізге алаңдайтын азаматтық қоғам қалыптасты, алдағы уақытта референдум еліміз үшін жаңа бастама боларына сенімдімін», - деді Қызылорда облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы.