Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Нұржан Нұржігітов жаңа Конституция туралы пікір білдірді

Су қауіпсіздігін қамтамасыз ету – Нұржан Нұржігітов жаңа Конституция туралы пікір білдірді
Фото: t.me/Nurzhan_Nurzhigitov

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жаңа Конституция туралы пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Өздеріңізге белгілі, 30 қаңтарда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланды. Бұл құжат – жарты жылдан астам уақыт бойы сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің кешенді жұмысының нәтижесі. Құжат Мемлекет басшысының былтыр қыркүйек айында Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген бірпалаталы Парламентке көшу бастамасының логикалық қорытындысы.

Ұсынылған түзетулердің ауқымы мен маңыздылығына байланысты жаңа басты заңды қабылдау қажеттілігі туындады. Жалпы саны 1600-ден астам ұсыныс түскен. Құжат жобасында мемлекеттік саясатты, оның ішінде су ресурстары саласында сапалы іске асыруды қамтамасыз етуге арналған бірқатар маңызды жаңалық бар», - деп жазды Нұржан Нұржігітов өзінің телеграм-арнасында.

Сонымен қатар ол жаңа Конституция жобасының Преамбуласында құқықтың үстемдігін айқындайтын «Заң мен тәртіп» қағидаты бекітілгенін, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Су кодексі мен елдің су ресурстарын сақтау жөніндегі басқа да нормативтік актілердің талаптарын орындау маңызды екенін атап өтті.

«Бұл қағидаттың Конституцияның жаңа жобасында бекітілуі өзендер мен су айдындарын қорғау, судың «қара нарығымен» күресу, сондай-ақ экономиканың әртүрлі салаларында су ресурстарын үнемдеу мен әділ бөлу бағытындағы мемлекеттік саясатты тиімді іске асырудың құқықтық негізін күшейтеді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы адам капиталын, білім беруді, ғылым және инновацияны дамытуды мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде танитыны айқындалған. Бұл норма еліміздің ұзақ мерзімді даму басымдықтарын көрсетеді.

Қазақстан цифрландыруға, жасанды интеллектіні енгізуге, озық халықаралық тәжірибені зерделеуге, жаңа технологияларды әзірлеу мен бейімдеуге, білікті кадрларды даярлауға және отандық ғалымдарды қолдауға басымдық беріп отыр. Бұл үрдістер қазіргі таңда ауқымды трансформация кезеңінен өтіп жатқан су шаруашылығы саласына да қатысты», - деп қосты министр.

Министрдің сөзінше, жаңа Конституция жобасы осы бағыттың стратегиялық маңызын және оның болашақ ұрпақ үшін айрықша мәнге ие екенін айқындайды.

«Су – жер бетіндегі ең құнды ресурс, әсіресе жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында. Негізгі заңның жаңа жобасы еліміздің алдында тұрған табиғи сипаттағы заманауи сын-қатерлерді ескеретіні қуантады.

Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттерінің бірі ретінде қоршаған ортаны сақтау және табиғи байлықтарға ұқыпты қарау бекітілген. Бұл норма табиғатты қорғау саясатының құқықтық негізін күшейтіп, ресурстарды, соның ішінде суды тұрақты пайдаланудың қоғамдық маңызын айқындайды.

Заң шығару мен оны орындауда құндылықтар мен ережелер айқындалып, экологиялық зиян үшін жауапкершілік бекітіледі. Сондай-ақ экологиялық қауіптер мен қоғамның ұзақ мерзімді мүдделерін ескеретін жаңа даму моделіне уақытында өту қамтамасыз етіледі», - деді Нұржігітов.

Сондай-ақ ол табиғи байлықтардың маңызы Конституцияның «Конституциялық құрылым негіздері» І бөлімінің бір тармағында да көрсетілгенін, онда меншік құқығын пайдалану қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне сай болуы, қоршаған ортаға зиян келтірмеуі және басқалардың заңмен қорғалған құқықтары мен мүдделерін бұзбауы тиіс екені айтылғанын жеткізді.

«Сондай-ақ жаңа Конституция жобасында көрсетілген ынтымақтастық пен бейбітшілік саясатының қағидаттары, соның ішінде халықаралық міндеттемелерді адал орындау мәселесі де ерекше маңызға ие. Трансшекаралық өзендердің төменгі ағысында орналасқан мемлекет ретінде Қазақстан су дипломатиясына айрықша мән береді.

Осылайша, жүргізіліп жатқан реформа еліміздің тату көршілік қағидаттарына және өзара мүдделерді сақтауға деген берік ұстанымымызды айқын көрсетеді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінде жаңа Конституция жобасы талқыланғанын жаздық