ШҚО-да есірткі қылмысына қарсы күресетін «Clean Streets» мобильді қосымшасы іске қосылды

Бүгін, 20:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
ШҚО-да есірткі қылмысына қарсы күресетін «Clean Streets» мобильді қосымшасы іске қосылды
фото: Оңалхан Өнерхан

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында инновациялық құрал - «Clean Streets» мобильді қосымшасын енгізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Қосымша облыс прокуратурасының ШҚО Цифрландыру басқармасымен және «Oskemen Hub»-пен бірлесіп ұйымдастырған «Codemasters Hackathon 4.0» IT-марафоны аясында әзірленді.
 
Бұл бастама бұған дейін енгізілген, есірткі туралы расталған ақпарат үшін ақшалай сыйақы беруді қарастыратын «STOP есірткі!» жобасының IT-жалғасы болып табылады.

Қосымша арқылы келесі жайттар туралы құпия түрде хабарлауға болады:

- есірткі граффитилері (үй қабырғаларындағы есірткі сайттарының жарнамасы);

- анықталған «бетбелгілер» (закладки);

- ықтимал өткізу орындары мен күдікті әрекеттер туралы.
 
Жүйенің басты басымдығы — «құпиялылық». Пайдаланушылар өз құпиялылығына алаңдамай, нақты геолокацияны көрсетіп және фотоайғақтарды тіркей отырып, мәліметтерді жібере алады. Әрбір расталған хабарлама үшін «STOP есірткі!» жобасы аясында төленетін сыйақыға ұқсас ақшалай сыйақы қарастырылған.
 
Бұл құрал өңірдің әрбір тұрғынына көшелерді есірткі қаупінен тазартуға өз үлесін қосуға мүмкіндік береді.