Құтқарушылар күні қарсаңында Астана қаласының азаматтық қорғау саласында еңбек етіп жүрген мамандардың бірі – диспетчер Айдана Ілиясованың қызметі туралы айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айдана Ілиясова – Астана қаласының Жоспарлау және жедел басқару орталығы Өрт сөндіру қызметімен байланыс жөніндегі орталық байланыс пунктінің диспетчері. Ол 2019 жылдан бері елорданың азаматтық қорғау гарнизонында қызмет атқарып келеді.

Айдана Айдынқызы 1991 жылы Қостанай облысының Амангелді ауданында дүниеге келген. Бүгінде оның күнделікті жұмысы төтенше жағдай туралы хабарламаларды қабылдап, оқиғаның мән-жайын жедел анықтаумен тікелей байланысты.
Диспетчер қоңырау шалушыдан қажетті ақпаратты алып, оны тіркейді және жедел ден қою үшін тиісті қызметтерге жеткізеді. Қысқа ғана телефон әңгімесінің артында кейде адам өмірі мен денсаулығына төнген нақты қауіп тұрады.

«Біз үшін әрбір қоңырау маңызды. Телефонның ар жағында көмекке мұқтаж адам тұр. Кейде бұл қоңырау оның соңғы қоңырауы болуы мүмкін. Сондықтан қажетті ақпаратты жедел алу ғана емес, қоңырау шалушының сабырлылығын сақтау да маңызды. Адамды тыныштандыру, жағдайға дұрыс бағдар беру және нақты нұсқаулық ұсыну – біздің жұмысымыздың бір бөлігі», – деді Айдана Ілиясова.
Мұндай қызмет диспетчерден ұстамдылықты, мұқияттылықты және күрделі жағдайда тез шешім қабылдай білуді талап етеді. Ол санаулы минут ішінде ең маңызды мәліметтерді анықтап, оқиға орнына аттанатын мамандарға жедел жеткізуі қажет.

Жауапты қызметімен қатар Айдана Ілиясова екі ұл тәрбиелеп отыр. Ол кәсібилік, өз ісіне адалдық және білімін үнемі жетілдіруді қызметіндегі басты қағидалардың бірі санайды.
Құтқару қызметінде оқиға орнына алғаш болып өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жеткенімен, оларға жол көрсететін жедел ақпарат көбіне диспетчер қабылдаған алғашқы қоңыраудан басталады.

Бұған дейін Астанада қоғамдық көлік қозғалысын үйлестіріп жүрген диспетчердің жұмысы туралы жазған едік.