Smart Turmys платформасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты цифрландырады – министр
ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты автоматтандыру және цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Ол бүгінде республикада нысандарды автоматтандыруды және интеллектуалды есепке алу құралдарын орнатуды қоса алғанда, коммуналдық инфрақұрылымды цифрлық жаңғырту белсенді жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«2029 жылға қарай республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда коммуналдық инфрақұрылымды есепке алу құралдарымен жүз пайыз қамту міндеті қойылған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық экожүйесінің негізгі элементі Smart Turmys платформасы болады. Биылғы жылдың төртінші тоқсанында оның алғашқы модульдерін пилоттық режимде іске қосу жоспарлануда. Платформа абоненттердің бірыңғай тізілімін қалыптастыруға, коммуналдық төлемдердің есепке алуын цифрландыруға және барлық коммуналдық ресурстардың пайдалануын мониторингтеуге мүмкіндік береді. Бұл саланың ашықтығын арттырып, шығындарды анықтауға және цифрлық жаңғыртуға негіз қалайды», - деді Ерсайын Нағаспаев.
Еске сала кетейік, Үкіметте энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы қаралды.