Референдум-2026

Сергей Цырульников: «Астана – тәуелсіз Қазақстанның даму мен өрлеуінің символы»

Бүгін, 11:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Сергей Цырульников: «Астана – тәуелсіз Қазақстанның даму мен өрлеуінің символы»
Фото: Сергей Цырульниковтың жеке архивінен

Күш сынасу экстримі жөнінде әлемдік рекордсмен, есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген, Қазақстанның алты дүркін рекордшысы Сергей Цырульников Астана күніне орай елорда тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, Астананың өз өміріндегі ерекше орны туралы айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілішсі.

Оның сөзінше, Астана күні – тек елорданың ғана емес, бүкіл тәуелсіз Қазақстанның мерекесі. Себебі елорда еліміздің даму мен өрлеуінің символына айналып, Қазақстанның әр өңірінен келген азаматтарды біріктіріп, жаңа жетістіктерге жетелейтін қала.

«Астанаға алғаш келген сәттен-ақ қаланың қарқынды дамуы мен заманауи келбетіне тәнті болдым. Сол кездің өзінде-ақ елорданың жас, заманауи әрі болашаққа ұмтылған энергиясы айқын сезілетін. Осында ең батыл идеяларды жүзеге асыруға мүмкін екенін түсіндім. 

Жалпы, Астана менің өмірімде маңызды орын алады. Себебі, дәл осы қалада ауқымды қоғамдық және спорттық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туды. Сондай-ақ еліміздің игілігі үшін еңбек етуге дайын жандармен танысып, бірге жұмыс істеудің сәті түсті. Күш мәдениетін дамыту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған көптеген бастамалар осында қанат жайды», деді рекордшы.

Ол үшін елордадағы ең сүйікті орындардың бірі – Есіл өзенінің жағалауы. Оның айтуынша, бұл жер шабыт сыйлап, жаңа мақсаттар мен жобаларға серпін береді.

«Бұл жерге келіп, аз уақытқа болса да тыныстап, ойымды жинақтап, қаланың ерекше тынысын сезінуге болады. Мен үшін бұл – жаңа мақсаттар мен жобалар туралы ойлануға шабыт сыйлайтын күш-қуат мекені», деді ол.

Сөз соңында Сергей Цырульников елорда тұрғындары мен қонақтарына бейбіт өмір, зор денсаулық, бақ-береке мен толағай табыс тіледі.

«Астанамыз әрқашан адамдарды игі істерге біріктіріп, жігерлендіріп, зор мүмкіндіктер қаласы бола берсін. Әрбір қазақстандық мақтан тұтатын айбынды елордамыздың мерекесі құтты болсын», деген ақ тілегін жеткізді.