Семейлік зейнеткер студент қызы 21 жасқа толғанша алимент төлеуге міндеттелді

Бүгін, 21:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Семейлік зейнеткер студент қызы 21 жасқа толғанша алимент төлеуге міндеттелді
фото: Оңалхан Өнерхан

Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында кәмелетке толған баланы оқу кезеңінде асырауға алимент өндіру бойынша азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай соттарына сілтеме жасап. 

Сотпен анықталғандай, талап қоюшы Ж. жауапкер Д.-ның кәмелетке толған қызы болып табылады және жоғары оқу орнында күндізгі оқу нысаны бойынша ақылы негізде білім алуда.

Талап қоюшы жауапкерден ай сайын 15 АЕК мөлшерінде алимент өндіруді сұрап, талаптарын дербес табысының жоқтығымен және ақылы оқу шығындарын өтеу қажеттілігімен негіздеді.

Жауапкер зейнеткер болып табылады және ай сайын зейнетақы алады. Сонымен қатар оның табысынан бес кәмелетке толмаған баланы асырауға алименттер ұсталады, сондай-ақ мүлікті бөлу туралы сот шешімін орындау бойынша төлемдер жүргізіледі

Жауапкер талап қоюды ішінара мойындап, алимент мөлшерін ай сайын 3 АЕК көлемінде белгілеуді сұрады, өзінің ауыр материалдық жағдайын және алименттік жүктеменің елеулі екенін көрсетті.

Сот тараптардың материалдық жағдайын, жауапкердің бұрыннан орындалып жатқан алименттік міндеттемелерінің елеулі көлемін, сондай-ақ барлық балалардың мүдделерінің теңгерімін сақтау қажеттігін бағалай отырып, талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы қорытындыға келді.

Сот шешімімен жауапкерден талап қоюшының пайдасына ай сайын 6 АЕК мөлшерінде алимент талап қою берілген күннен бастап талап қоюшы жиырма бір жасқа толғанға дейін өндірілді.

Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысының тұрғыны алимент төлемегені үшін 20 сағат қоғамдық жұмысқа тартылғаны туралы жаздық.