Семей қаласы қалай өзгеретіні белгілі болды

Семей қаласы қалай өзгеретіні белгілі болды
Фото: Абай облысы әкімдігі

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен отырыста Семей қаласының даму жоспары талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала әкімі Әділет Қожанбаевтың мәлімдеуінше, Семей қаласында инфрақұрылымды жаңғырту, инвестиция тарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

Инвестиция тарту бағытында биыл жалпы құны 68,9 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.

Облыс орталығының Қарағайлы шағын ауданында жаңа тұрғын үйлердің құрылысы басталып, инженерлік инфрақұрылым жүргізіліп жатыр. Қалада көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту және жөндеу жұмысы жалғасты. «Жарқын келешек» бастамасы аясында тұрғын кварталдарды реновациялау және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жоспарланған.

Семейде жалпы ұзындығы 756 шақырым болатын 1 179 көше бар. Былтыр жолдардың 50 пайызы асфальтталды. Көлік-жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл 100 көшеде орташа жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Былтыр қалада 35 аула аумағы абаттандырылды. Ал биыл 100 аула аумағын абаттандырылмақ. Сондай-ақ, 100 аулаға асфальт төселеді.

Қоғамдық көлік паркі кезең-кезеңімен жаңартылып, жыл соңына дейін бірнеше жаңа автобус сатып алынады. Сонымен қатар, Ертіс өзені арқылы өтетін көпірді жаңғырту, жол айрықтарын салу және жаңа жол өткелдерін іске асыру жоспарланған.

Сонымен бірге қалаға 8 000 ағаш отырғызу көзделген. Қаладағы саябақтар, жағалаулар мен қоғамдық орындарды жаңғырту жұмыстары жалғасады. Ерекше атап өтерлігі, жақында орталық алаңды толық жаңғырту жұмысы басталады.

Коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, арнайы техникалар сатып алынуда. Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып, спорт инфрақұрылымы дамып келеді.

Аймақ басшысы қала әкіміне осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау және экология мәселелерін назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

Еске сала кетсек, Абай облысында жол ережесін 42 рет бұзған жүргізушінің көлігі айып тұрағына қойылды.