Шахмардан Есеновтің 100 жылдығы UNESCO деңгейінде аталып өтуі мүмкін

Шахмардан Есеновтің 100 жылдығы UNESCO деңгейінде аталып өтуі мүмкін
Фото: yessenovfoundation.org

2027 жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, геология-минерология ғылымдарының докторы, академик Шахмардан Есеновтің туғанына 100 жыл толады. Айтулы мерейтойды UNESCO көлемінде атап өту мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Сенат депутаттарының сауалына ресми жауабында мәлім еткен болатын.

Үкімет жауабына сәйкес, Қызылорда облысы әкімдігінің ұсынысы негізінде Шахмардан Есеновтің 100 жылдығы 2026-2028 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндер тізбесіне енгізілген. Сонымен қатар ғалымның есімі өңірлерге жолданған «Тарихи тұлғалар» тізіміне де енген.

Сондай-ақ Сыртқы істер министрлігіне академиктің 100 жылдығын UNESCO-ның атаулы күндер тізіміне енгізу туралы ресми хат жолданған.

Бұған дейін Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы Үкімет басшысының орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында Қазақстан ғылымы, өнеркәсібі мен экономикасының дамуына зор үлес қосқан академик Шахмардан Есеновтің мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтуді ұсынған болатын.

Сенатордың айтуынша, Шахмардан Есеновтің жетекшілігімен Жетібай мен Өзеннің ірі мұнай-газ кен орындары ашылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар түсті металлургия саласындағы стратегиялық нысандар іске қосылып, елдің энергетикалық және экономикалық дербестігін нығайтуға негіз қаланды.

Депутат академиктің әл-Фараби есімін тарихи Отаны Қазақстанмен қайта табыстыруда да маңызды рөл атқарғанын, сонымен қатар ғалымның 200-ден астам ғылыми еңбек жазып, ұлттық геология мектебінің қалыптасуына зор үлес қосқанын атап өтті.

Сауалда Шахмардан Есеновтің 100 жылдығын UNESCO-ның мерейтойлық күндер тізіміне енгізумен қатар, Ақтаудағы университет алдына ескерткіш орнату, еңбектерінің көптомдық жинағын шығару, ғалым есімін жаңа мектеп пен көшеге беру, ғылыми-ағартушылық орталық ашу және халықаралық конференциялар өткізу ұсынылған.

Шахмардан Есенов – қазақ ғылымы мен өндірісінің дамуына ерекше үлес қосқан тарихи тұлғалардың бірі. Ол әр жылдары Қазақ КСР геология министрі, Қазақстан Үкіметі төрағасының орынбасары, Қазақстан Ғылым академиясының президенті қызметтерін атқарды.

Оның тікелей басшылығымен Маңғыстау өңіріндегі мұнай-газ, уран кен орындарын игеру қарқынды дамыды. Қаражанбас, Қаламқас, Кеңқияқ, Бозащы секілді стратегиялық маңызы жоғары кен орындарының ашылуына да белсенді қатысқан.

1966 жылы Жетібай мен Өзен мұнай-газ кен орындарын ашып, өндіріске енгізуге қосқан үлесі үшін Шахмардан Есеновке Лениндік сыйлық берілді. Осылайша, ол Қаныш Сәтбаевтан кейін бұл жоғары марапатқа ие болған екінші қазақ ғалымы атанды.

Сондай-ақ академиктің табандылығының арқасында КСРО кезінде Маңғыстау өңірін басқа республика құрамына беру туралы бастама қолдау таппай, аймақ Қазақстан құрамында сақталып қалғаны туралы тарихи деректерде жазылған.

Ғалым өндіріс пен ғылымды ұштастыра отырып, Қазақстандағы геология ғылымының жаңа кезеңін қалыптастырған тұлға ретінде бағаланады.

Академик Шахмардан Есенов 1994 жылы 24 тамызда 68 жасында өмірден өтті. Көрнекті ғалым әрі мемлекет қайраткері Алматы қаласындағы Кеңсай зиратына жерленді.