Сарыағашта жұмыс уақытында шетелге шығып кеткен қызметкерлерге жалақы төленген
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында білім беру саласының бірқатар қызметкерлерінің жұмыс уақытында шетелге шығып кеткені анықталды. Оған қарамастан, жалақы толық көлемде есептеліп төленген, деп хабарлайды Elordainfo.kz Түркістан облысы прокуратурасына сілтеме жасап.
Атап айтқанда, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, сондай ақ мектеп мұғалімдері мен жұмысшылары сабақ пен жұмыс уақытында шетелге шығу фактілері тіркелген.
Талдау қорытындысымен білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты 389 мың теңгеден астам, ал білім беру ұйымдары бойынша жалпы 15 млн теңгеден астам бюджет қаражатының негізсіз жұмсалғаны анықталды.
«Прокурорлық қадағалау актісі негізінде жұмыс уақытында шетелге шыққан қызметкерлермен қатар, аталған заң бұзушылықтарға жол берген басшылар Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабы талаптарын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде мемлекет кірісіне 15 миллион теңгеден астам қаражат өндіріліп, 680 тұлға жауапкершілікке тартылды.