Шаруаның су үнемдеу технологиясын енгізуге жұмсаған шығынын өтеу үлесі 80%-ға дейін ұлғайтылды
Су тұтынушыларды қолдау бойынша мемлекеттік шаралар енгізілуде. Атап айтқанда, шаруалардың су үнемдеу технологиясын енгізуге жұмсаған шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
«Былтыр жаңа Су кодексі қабылданды. Бұрынғы редакцияда су қаржылық пайда табу құралы ретінде қарастырылса, енді ол экожүйенің маңызды бөлігі ретінде айқындалды. Су нысандарының сарқылуын болдырмау мақсатында «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл - өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйесін сақтау үшін қажетті судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі», делінген хабарламада.
Министрліктің мәлімдеуінше, өнеркәсіп кәсіпорындары үшін жаңа Су кодексі 7 жыл ішінде қайталама және айналымды сумен жабдықтау жүйелеріне кезең-кезеңімен көшу талаптарын бекітті. Оның ішінде 2 жыл дайындық кезеңіне, ал 5 жыл жоспарларды іске асыруға беріледі. Сонымен қатар айналымды және қайталама сумен жабдықтауға көшу жоспары орындалмаған жағдайда, рұқсат етілген су пайдалану көлемін қысқартуды көздейтін нормативтік-құқықтық актілер қабылданып жатыр.
Егіс құрылымын әртараптандыру мақсатында ылғалды көп қажет ететін дақылдардың көлемін қысқарту бойынша нысаналы индикаторлар белгіленді. Суару суын пайдалану қағидалары бекітіліп, онда өсірілетін дақылдарды өз бетінше ылғалды көп қажет ететін түрлерге ауыстырған немесе тиісті келісімшартсыз су пайдаланған жағдайда су тарифтерін арттыру көзделген.
Ведомствоның түсіндіруінше, су тұтынушыларды қолдау бойынша мемлекеттік шаралар енгізілуде. Атап айтқанда, шаруалардың су үнемдеу технологияларын енгізуге жұмсаған шығындарын өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар су тарифінің құнына байланысты суару суына берілетін субсидиялардың сараланған мөлшері енгізілді. Су үнемдеу технологияларын қолданған жағдайда субсидия көлемі 60%-дан 85%-ға дейін артады.
Сонымен қатар суару суын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, субсидияланатын технологиялар тізіміне лазерлік жоспарлағышты қосу, жерасты суын көтеруге жұмсалатын электр энергиясы шығындарын өтеу, сондай-ақ ылғал жинақтаушы суару мен сор топырақты шаю жұмыстарын субсидияланатын бағыттарға енгізу жоспарланып отыр.
2026-2028 жылдарға арналған кезеңде су үнемдеу технологияларын енгізуді субсидиялауға бөлінетін қаржы көлемі алдыңғы үшжылдықпен салыстырғанда төрт есеге арттырылып, 214,6 млрд теңгеге жетті. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 13,5 млрд теңге бөлінді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынын бес есеге жеделдетуге мүмкіндік берді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай технологиялар қолданылған алқап көлемі 543,5 мың гектарды құрап, 874 млн текше метр су үнемдеуге мүмкіндік берді.
Еске сала кетсек, Жамбыл облысында 9,2 шақырым болатын «Исмаил» магистральдық каналы реконструкцияланып жатыр.