Жамбылдағы магистральдық канал жаңғыртылып жатыр

Бүгін, 08:53
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Жамбылдағы магистральдық канал жаңғыртылып жатыр
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Жамбыл облысының Жамбыл ауданында ұзындығы 9,2 шақырым болатын «Исмаил» магистральдық каналы реконструкцияланып жатыр. Жұмыстар биыл қаңтар айында басталып, бүгінде 2,5 шақырым учаске реконструкцияланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап. 

Жоба аясында каналды бетондау, су шығару тетіктерін, бөгейтін құрылысжайлар мен нөсерлетіп су ағызу жүйелерін орнату, сондай-ақ гидробекет салу қарастырылған.

«Исмаил» каналы арқылы Аса өзенінен Жамбыл ауданының суармалы жерлеріне су жеткізіледі. Нысанның су өткізу қуаты - секундына 6 текше метр. Каналды реконструкциялау 1454 гектар жерге судың жеткізілуін жақсартып, су шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

«Нысанда 35 адам мен 19 техника жұмылдырылған. Құрылыс-монтаж жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Суару кезеңінде де нысанда жұмыстар жалғасады. Диқандарды сумен қамтамасыз ету үшін уақытша канал салынып жатыр», – деді мердігер ұйымның өкілі Ерлан Оразбаев.