Шаңырақ күні: Астанада көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді

Бүгін, 16:57
Думан Аманжол Думан Аманжол
Шаңырақ күні: Астанада көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада «Наурызнама» онкүндігі аясында атап өтілетін «Шаңырақ күніне» орай көпбалалы аналарды марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Елорданың бірнеше ауданында ондаған анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталып, олардың отбасы мен қоғамдағы еңбегі жоғары бағаланды.

Сарыарқа ауданында барлығы 40 ана мемлекеттік наградаға ие болды. Оның ішінде 9 ана «Алтын алқа», ал 31 ана «Күміс алқа» иегері атанды. Аудан әкімі Жанасыл Шаукентаев аналардың отбасы бірлігін нығайтудағы ерекше рөлін атап өтіп, оларға ізгі тілегін білдірді.

«Шаңырақ – қазақ үшін отбасының, бірліктің, ұрпақтың белгісі. Әр шаңырақтың берік болуы, ең алдымен, анаға байланысты. Өйткені үйдің жылуы да, берекесі де ананың мейірімі мен тәрбиесінен басталады. Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға амандық, отбастарыңызға бақ-береке тілеймін», – деп атап өтті Сарыарқа ауданының әкімі Жанасыл Шаукентаев.

Есіл ауданында өткен салтанатты шарада 30 көпбалалы ана марапатталды. Олардың 6-уы «Алтын алқа», 24-і «Күміс алқа» алды. Шара барысында аналардың бала тәрбиесіндегі еңбегі мен қоғамдағы орны ерекше екені айтылды.

Ал Сарайшық ауданында 23 ана марапатқа ие болды: 4 ана «Алтын алқа», 19 ана «Күміс алқа» алды. Аудан әкімі Мақсат Саматұлы аналарды құттықтап, олардың еңбегіне алғыс білдірді.

Айта кетейік, «Күміс алқа» алты бала тәрбиелеген аналарға берілсе, «Алтын алқа» жеті және одан көп бала өсіріп отырған аналарға табысталады.

Еск салайық, бүгін елімізде Наурызнама онкүндігінің кезекті «Шаңырақ күні» аталып өтуде.