Қытай хирургтары Астанадағы ауруханада эндоскопиялық отаның заманауи тәсілдерін көрсетті

Қытай хирургтары Астанадағы ауруханада эндоскопиялық отаның заманауи тәсілдерін көрсетті
Фото: Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы

Қазақстан мен Қытай арасындағы медициналық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған «Бір белдеу бір жол» халықаралық бастамасы аясында Қытайдан келген дәрігерлер елордадағы №3 көпбейінді қалалық ауруханада 60-тан астам пациентке кеңес беріп, өт жолдары ауруларын емдеуге арналған бірқатар ота жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Операциялар аз инвазивті әдістермен, яғни лапароскопия және эндоскопия арқылы жүргізілді. Дәрігерлер заманауи технологияларды, соның ішінде эндоскопиялық ретроградтық холангиопанкреатографияны (ERCP), өт жолдарын стенттеу және эндоскопиялық тәсілмен өт жолдарындағы тастарды алып тастау әдісін қолданды.

Жалпы хирургия бөлімінің меңгерушісі Сергей Вервейн қытайлық мамандар эндоскопиялық ота жүргізудің заманауи тәсілдерін көрсеткенін атап өтті.

«Қытайлық әріптестер біздің жабдықтарды пайдаланып, өздері алып келген шығын материалдары арқылы екі ЭРХПГ процедурасын орындады. Алдағы уақытта қажетті материалдарды сатып алу жоспарланып отыр. Осыдан кейін мұндай операциялар біздің ауруханада тұрақты түрде жүргізіледі», – деді Сергей Вервейн.

Диагностика бөлімінің меңгерушісі Жандос Арыновтың айтуынша, мұндай халықаралық кездесу дәрігерлердің тәжірибе алмасуына және жаңа емдеу әдісін енгізуіне мүмкіндік береді.

«Біз екіжақты тәжірибе алмастық, өзіміздің тәжірибемізбен бөлістік, ал қытайлық әріптестеріміз өз тәжірибелерімен бөлісті. Операцияларды жүргізген Ма Чрзаның эндоскопиялық ретроградтық холангиопанкреатография жасау тәжірибесі мол екен. Ол жылына шамамен осындай 700 ота жасайды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш», – деді Жандос Арынов.

Елордадағы №3 көпбейінді қалалық аурухана мен Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халықтық ауруханасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат кәсіби тәжірибе алмасуды дамытуға, бірлескен операциялар жүргізуге және заманауи медициналық технологияларды енгізуге бағытталған.

Айта кетейік, №3 көпбейінді қалалық аурухана – елордадағы ірі медициналық мекемелердің бірі. Жалпы хирургия бөлімінде 35 төсек-орын бар. Жыл сайын мұнда шамамен 2 мың пациент ем қабылдайды. Бір жылда 500-ге жуық жоспарлы және 1 мыңға жуық шұғыл операция жасалады. 

Бұдан бұрын Астанада медициналық туризмнің қалай дамып келе жатқанын жазған едік.