Президент Садыр Жапаров ең алдымен мемлекеттік мекемелерде электр энергиясын үнемдеу шараларын бастауды тапсырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Президент Әкімшілігінің ақпараттық саясат бөлімінің басшысы Дайырбек Орунбековтің хабарлауынша, мемлекет басшысы министрліктердің, ведомстволардың және аймақтық әкімшіліктердің басшыларына тапсырмаларды жедел орындау үшін WhatsApp мессенджері арқылы тиісті үндеу жолдаған.
Өз үндеуінде президент энергия үнемдеу тапсырмасы жергілікті деңгейде дұрыс түсінілмегенін атап өтті.
— Электр энергиясын үнемдеу туралы тапсырманы дұрыс түсіндіңіздер ме, білмеймін, бірақ сіздер оны қате орындай бастаған сияқтысыздар. Жеке тұлғалардың және шағын кәсіпкерлердің жарығына тиісудің қажеті жоқ. Артық дүрбелең туғызып, халықты қорқытып жібердіңіздер, — деді Садыр Жапаров.
Ол тапсырманың негізгі мәні — айылдыктардан бастап «Ынтымак-Ордо» ғимаратына дейінгі мемлекеттік мекемелерде 18:00–ден кейін электр энергиясын тұтынуды азайту екенін баса айтты.
— Жұмыс күні аяқталғаннан кейін құрылғылар мен жарықты өшіру қиындық туғызбайды. Сонымен қатар кейбір мекемелерде қажетсіз болса да, дәліздер мен кабинеттерде жарық жанып тұрады. Электр энергиясын үнемдеуді өзімізден бастайық, — деді мемлекет басшысы.
Президент облыстардағы үкімет өкілдеріне, әкімдерге және айыл окмоту жетекшілеріне, әсіресе мектептер мен оқу орындарында тапсырманың орындалуын күшейтуді тапсырды.
— Егер қандай да бір ауданда мемлекеттік мекемелерде жарық жанып тұрса, онда ол жердің басшысы жұмыс істемейді деп есептейміз. Мұндай тұлғаларға жауапкершілік шаралары қабылданады, — деді Садыр Жапаров.
Соңында ол электр энергиясын үнемдеу жеке тұлғаларға әсер етпеуі тиіс екенін атап өтті.
— Жеке адамдарға ешқандай шара қолданбаңыздар. Қорықпаңыздар, энергия жеткілікті. Тек Қырғызстанның ұлттық электр желісі министрлікпен ақылдаспай-ақ шу көтеріп жіберді, — деді президент.