Құтырудың емі жоқ: мамандар сақ болуға кеңес берді
Бүгінде құтыру ауруы 150-ден астам елде кездеседі, сондай-ақ әлемде жыл сайын одан 55 мыңнан астам адам көз жұмады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, былтыр елімізде құтырудан 3 адам көз жұмған (2024 жылы - 0). Жануарлардың тістеуі, тырнауы және сілекейлеуі салдарынан 60 153 адам, ал биылғы жылдың І тоқсанында – 14 134 адам медициналық көмекке жүгінген. Барлығына медициналық көмек көрсетілді.
«Құтырумен күрестің негізгі шарасы – дереу құтыруға қарсы вакцинациялау курсынан өту және тістелген, тырналған немесе сілекей тиген жерді 20% сабынды ерітіндімен молынан жуу», деп ескертті ведомство.
Сондай-ақ құтырудың алдын алу үшін мыналар ұсынылады:
- жабайы жануарлармен байланысқа түспеу, себебі, сау жабайы жануарлар әдетте адамнан қашқақтайды;
- үй жануарларына құтыруға қарсы профилактикалық екпелерді міндетті түрде егу;
- үй жануарының мінезі өзгерсе, басқа жануардан жарақат алса немесе себепсіз өлсе, міндетті түрде ветеринар маманға жүгініп, бақылау орнату немесе өлім себебін анықтау;
- егер жануармен (сырттай сау көрінсе де) байланыс болған жағдайда, тұрғылықты жердегі травматологиялық пунктке дереу жүгініп, жараны өңдету және вакцинациялау курсынан өту қажет. Вакцинациялау тегін жүргізіледі. Жараны шаруашылық сабынды мол қолдана отырып өңдейді;
- тағайындалған емнен бас тартпау және өз бетінше тоқтатпау қажет, себебі бұл қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.
«Құтыруды емдейтін дәрі жоқ. Құтыруға қарсы вакцина – адам өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндік. Сондықтан вакцинациялауды дереу жүргізу қажет. Арнайы емнің (вакцина және иммуноглобулин алу) тиімділігі тістелген соң медициналық көмекке жүгіну уақытына тікелей байланысты екенін есте ұстау қажет», делінген хабарламада.
Еске салсақ, елде қызылшамен сырқаттанушылар саны азайды.