Референдум-2026

Құрылысшыларға нашақорлық пен алаяқтықтың алдын алу бойынша дәріс өтті

Құрылысшыларға нашақорлық пен алаяқтықтың алдын алу бойынша дәріс өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және «Астана – есірткісіз қала» нарративі аясында құрылыс саласы қызметкерлеріне профилактикалық дәріс ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараны Астана қаласы Полиция департаменті, прокуратура және «Алматы» ауданы әкімдігі бірлесіп өткізді. Кездесу барысында нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі заттарының заңсыз айналымы мен қолданылуының салдары талқыланды.

«Алматы» ауданы прокуратурасының өкілдері Sensata Group компаниясының 50-ге жуық қызметкерімен кездесіп, «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыбындағы бейнероликті көрсетті. Сондай-ақ қатысушыларға есірткі құралдарын пайдаланудың зияны, есірткі қылмыстары үшін көзделген қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік, азаматтардың құқықтық мәдениеті мен жеке жауапкершілігінің маңызы түсіндірілді.

«Алматы» ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаеваның айтуынша, мұндай кездесулер қоғамда заңға бағыну мәдениетін қалыптастырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал етеді.

«Нашақорлық қазіргі қоғамның ең үлкен қауіптерінің бірі болып қала береді. Есірткінің таралуына қарсы күрес әр азаматтың белсенді қатысуынсыз мүмкін емес. Заңды сақтау, салауатты өмір салтын ұстану және қоғам қауіпсіздігіне бейжай қарамау – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деді ол.

Дәрістің жеке бөлімі балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу мен интернет және телефон алаяқтарынан сақтану мәселелеріне арналды.

«Алматы» ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Ботагөз Секенова ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға шақырып, москит торларының қауіпсіздік құралы емес екенін еске салды.

«Балалардың терезеден құлау оқиғалары көбіне бірнеше минуттық бақылаусыз қалудың салдарынан болады. Үйдегі терезелерге арнайы шектеуіштер орнатып, олардың алдына жиһаз қоймау және балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру маңызды», – деді прокурор.

«Алматы» ауданы прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Олжас Жарқынбек қазіргі кезде алаяқтардың заманауи технологиялар мен психологиялық тәсілдерді жиі қолданатынын айтып, азаматтарды жеке деректерін ешкімге бермеуге шақырды.

«Растау кодтарын, банк картасының деректерін және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға хабарламаңыз. Күмәнді қоңырау немесе хабарлама алған жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, құқық қорғау органдарына жүгінген жөн», – деді ол.

«Алматы» ауданы әкімдігі мұндай профилактикалық іс-шаралар құқық қорғау органдарымен бірлесіп қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Бұған дейін елордадағы су айдындарында кезекті қауіпсіздік рейді өткенін жаздық.