Референдум-2026

«ҚазАвтоЖол» жазда балаларын көлік салонында қалдырып кететіндерге ескерту жасады

Бүгін, 12:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«ҚазАвтоЖол» жазда балаларын көлік салонында қалдырып кететіндерге ескерту жасады
Фото: Magnific.соm

Жазда көлік салоны өте тез қызады. Тіпті сырттағы ауа температурасы шамамен +25 C болған жағдайда көлік іші 10 минуттың ішінде 10–15 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Ал бір сағаттан кейін салондағы температура +50 C-тан асып кетуі ықтимал. Ал бұл бала үшін аса қауіпті, деп хабарлайды Elordainfo.kz «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Себебі балалардың ағзасы ересектерге қарағанда әлдеқайда тез қызып кетеді. Жабық көлікте бірнеше минут қалудың өзі баланың жағдайының күрт нашарлауына, дененің шамадан тыс қызуына, ыстық өтуіне немесе есінен тануына әкелуі мүмкін.

Мұндай жағдайда «тез барып келемін», «бір минутқа ғана» деген ойға жол беруге болмайды. Баланы дүкеннің, дәріхананың, ауланың немесе жанармай құю бекетінің маңында көлікте жалғыз қалдыруға болмайды.

Автокөлік салонындағы қауіп тек аптап ыстықпен шектелмейді. Қараусыз қалған бала есікті абайсызда іштен құлыптап алуы, терезені ашып-жабуы, көліктің басқару батырмаларын басуы немесе қорқып, өздігінен шыға алмауы мүмкін, - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, терезені сәл ашып қою немесе көлікті көлеңкеге қою мәселені шешпейтіні, салон бәрібір қыза беретіні ескертілді. 

Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура жазғы демалыс кезеңіндегі балалар қауіпсіздігіне арналған профилактикалық бейнеролик әзірлегені туралы жаздық.