Қазақстанның курорттық аймақтарында демалушылар саны 14 пайызға артқан
Қазақстанның курорттық аймақтарында 3,8 млн адам демалды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2025 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстанның курорттық аймақтары 3,8 млн келушіні қабылдады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14% артық. Олардың ішінде 16,5% – шетелдік қонақтар.
2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша ең танымал курорт аймағы – 2,2 млн адам барған Алматы тау кластері.
Екінші орында – Щучье-Бурабай курорт аймағы – 373,1 мың келуші.
Үшінші орында 308,8 мың адам демалған Маңғыстау курорт аймағы.
Сондай-ақ бестікке тағы екі танымал аймақ енді – Балқаш туристік аймағы (169,2 мың адам) және Жетісу облысының Алакөл курорт аймағы (147,1 мың адам).
2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте курорт аймақтарындағы орналастыру орындарында көрсетілген қызметтер көлемі 154,7 млрд теңгені құрады.
Айта кетейік, Қазақстанның курорттық аймақтарында қонақтарды қабылдайтын 1 876 орын бар.
Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында қысқы туристік маусым ашылғанын жазған болатынбыз.