Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram-арнасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгін жұмыс тобында еліміздің ғалымдары мен ғылыми жүйесіне тікелей әсер ететін өте маңызды норманы қабылдадық. Енді алдағы Пленарлық отырыста бұл заң жобасын әріптестер қолдаса, ол - ұзақ жылдар бойы шешілмей келген жүйелі проблеманы шешетін маңызды өзгеріс болатыны анық.
Қарапайым тілмен айтқанда - енді ғылыми жобалардың мерзімі мен қаржыландыруы ақырына дейін толық сақталады, яғни бөлінген қаражат та, зерттеу уақыты да «қысқарып» қалмайды», - деді ол.
Бұрын қандай проблема болған?
Ғылыми конкурстардың өткізілуі ұзаққа созылады -кейде 9–10 айға дейін.
Мысалы: жобаға 36 айға ақша бөлінді. Бірақ конкурс созылып, келісімшарт қарашада ғана жасалды.
Сондықтан, 36 ай болған зерттеу мерзімі → 26 айға дейін қысқарады.
Осыған байланысты, сол 36 айға есептелген зерттеуге қажет қаражаттың 100 пайызының → іс жүзінде 70–80 пайызы ғана ғалымға жетеді.
- Ғалым зерттеуді қысқа мерзімге «сығуға» мәжбүр
-Зерттеу сапасы төмендейді
-Материал, жабдық, жалақы жетпейді
-Күнтізбелік жоспар толық орындалмайды
-Қаражаттың бір бөлігі бюджетке кері қайтады
-Ғалымдар да, мемлекет те ұтылады
«Бұл мәселе жылдар бойы шешілмей келген. Себебі - Бюджет кодексі қаражатты келесі жылға автоматты түрде көшіруге рұқсат бермейтін.
Өткен жылы жаңа Бюджет кодексін қабылдағанда, мен қаржыны келесі жылға толық көлемде көшіруге мүмкіндік беретін норманы ұсындым. Бұл норманы депутаттар қолдап, ол қабылданды.
Енді осы мүмкіндіктің арқасында біз «Ғылым туралы» заңға ғылыми жобаның мерзімі келісімшарт жасалған күннен бастап есептеледі және бүкіл мерзімді толық қамтиды деген норманы ұсынып, бүгін жұмыс тобында қабылдадық», - деген Мәжіліс депутаты енді жаңа нормадан кейін не өзгеретінін айтты.
Енді:
-Егер шарт қарашада жасалса да - жоба толық 36 ай жұмыс істейді
-Қаражат та сол 36 айға толық көлемде сақталады
-Ештеңе қысқармайды, жоғалмайды
Бұл енді не береді?
- Ғалымдарда тұрақтылық пен жоспарлау мүмкіндігі артады
- Зерттеу сапасы жақсарады
- Жалақы мен шығындар толық қамтылады
- Елге қажет ғылыми нәтижелер толық көлемде іске асады
- Қазақстан ғылымы жүйелі түрде нығаяды