Қазақстанға Чехиядан жерсіндіруге бір топ кертағы жеткізілді
1 маусымда елімізге Чехиядан кертағының (Пржевальский жылқысы) кезекті тобы жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл – әлемде сақталған жалғыз жабайы жылқының популяциясын қалпына келтіруге бағытталған халықаралық жоба аясында әкелінген кезекті лек.
Арнайы әуе рейсімен жануарлар Чехиядан Қостанай қаласының халықаралық әуежайына жеткізілді. Одан әрі олар арнайы жабдықталған автокөлікпен Қостанай облысы Амангелді ауданындағы «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватына тасымалданады. Реинтродукция орталығында жануарлар мамандардың бақылауымен бейімделу кезеңінен өтіп, кейін табиғи мекендеу ортасына жіберуге дайындалады.
Тарихи тұрғыдан кертағы Қазақстан аумағында мекендеген. Алайда XX ғасырдың ортасына қарай бұл түр жабайы табиғаттан жойылып кетті. Оны қалпына келтіру халықаралық сақтау және реинтродукция бағдарламасының арқасында мүмкін болды.

Бүгінде Қазақстанда осы түрді өзінің тарихи ортасына қайтару үшін ауқымды бағдарламаны жүзеге асырылып жатыр.
Жоба Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, «Тирпарк Берлин» хайуанаттар бағы, Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы, Франкфурт зоологиялық қоғамы және басқа да халықаралық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылды.

Қазақстан мен Прага хайуанаттар бағы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға сәйкес, 2029 жылға дейін Қазақстанға 40 кертағы жеткізу жоспарланған. 2024 және 2025 жылдары «Алтын дала» резерватына жануарлардың алғашқы екі тобы жеткізілді. Ал биыл мамыр айында бұрын жеткізілген жануарлардың бір бөлігі алғаш рет жабайы табиғатқа жіберілді.

Еске сала кетсек, таяуда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына Ресейден төрт амур жолбарысы жеткізілді. Оның екеуі ересек және екеуі шөнжік. Бұл да жолбарысты тарихи таралу аймағына қайтару бағдарламасының бір бөлігі.