Қазақстандық спортшылар «BENIDORM SEVENS» халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды

Бүгін, 16:54
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстандық спортшылар «BENIDORM SEVENS» халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды
Фото: ҚР Регби федерациясының баспасөз қызметі

Регби 7-ден Қазақстанның ұлттық құрамалары Estadio Rugby Villajoyosa стадионында өткен беделді «Benidorm Sevens» (Costa Blanca Sevens) халықаралық турниріндегі өнерлерін сәтті аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Регби федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Еуропалық мықты ұжымдар арасындағы тартысты бәсекеде Қазақстан Республикасының әйелдер құрамасы қола медаль еншілесе, ерлер командасы үздік 8-діктің қатарына енді.

Әйелдер құрамасы: Еуропалық тұғыр және қарсыластарды тас-талқан ету

Әйелдер ұлттық құрамасы халықаралық аренадағы өздерінің мықты күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Испания алаңдарында еуропалық және латынамерикалық мықты командалармен кездескен біздің регбиші қыздарымыз тамаша физикалық дайындық пен темірдей тәртіп көрсетті.

Іріктеу кезеңінде Венгрияны (45:0) және Норвегияны (48:0) айқын басымдықпен жеңген қазақстандықтар, ширек финалда Австрияның қорғанысын 46:0 есебімен тас-талқан етті. Тартысты өткен жартылай финалда Польша құрамасына (14:29) есе жіберген Қазақстан құрамасы, 3-орын үшін өткен матчта Венгриямен қайта кездесті. Бұл жолы да қарсыластарына ешқандай мүмкіндік қалдырмай, ойынды 40:0 есебімен таза жеңіспен аяқтады және тұғырдан лайықты орын алды.

Ерлер құрамасы: Мінездер шайқасы және баға жетпес тәжірибе

Ерлер ұлттық құрамасының жаңартылған құрамы үшін Испаниядағы турнир үлкен сынақ болды. Атлетикалық және жылдам қарсыластармен кездескен біздің команда ымырасыз күрес көрсете білді. Топтық кезеңде қазақстандықтар «Юскариансты» сенімді түрде жеңіп (24:7), Португалиядан жеңісті жұлып алды (21:19). Плей-офф кезеңінде Франция (Пиреней) және Марокконың мықты құрамаларына тең дәрежелі бәсекеде жол берген қазақстандық регбишілер турнирдің үздік 8-дігін түйіндеді. Бұл еуропалық аренадағы жас команда үшін сапалы алға қадам болып табылады.

«Бенидормдағы турнир - бұл дәстүрлі түрде өте жоғары деңгейдегі тартыс пен жылдамдық алаңы. Біздің қыздар гроссмейстерлік ойын көрсетіп, еуропалық қоланы үйге мүлтіксіз әрі лайықты түрде алып келе жатыр. Ерлер құрамасы бірнеше өте қиын матч өткізді, жігіттер барын салып, үздік сегіздікке енді. Бұл сапар бізге Азия аренасында міндетті түрде кәдеге жарататын орасан зор тәжірибе берді», - деп атап өтті Регби федерациясынан.

Дамудың жаңа кезеңі және серіктестердің қолдауы

«Benidorm Sevens» турнирінде өнер көрсету - маусымның басты құрлықтық додалары алдындағы 2026 жылғы халықаралық ойын тәжірибесінің маңызды бөлігіне айналды. Қазақстанның регби федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігіне, сондай-ақ барлық жанкүйерлерге қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді.