Қазақстандық мектеп директорлары Қытайда жасанды интеллектіні білім саласына енгізу тәжірибесін меңгерді
Еліміздің «Келешек мектептері» жобасының 50-ге жуық директоры Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында өткен «Жасанды интеллект технологияларын білім беру жүйесінде қолдану» халықаралық семинарына қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Семинар барысында қатысушылар қытайлық әріптестермен тәжірибе алмасып, озық мектептердің үздік тәжірибелерін зерделеді. Олар білім беру ұйымдарын басқарудың заманауи тәсілдерімен, цифрлық шешімдермен, жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде қолдану тәжірибесімен, сондай-ақ мектептер мен жоғары оқу орындары арасындағы тиімді ынтымақтастық үлгісімен танысты.
«Семинар қорытындысы бойынша зерделенген тәжірибелерді «Келешек мектептерінің» жұмысына кезең-кезеңімен енгізу, сондай-ақ қазақстандық және қытайлық білім беру ұйымдары арасындағы кәсіби ынтымақтастықты жалғастыру жоспарлануда», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомствода педагогтердің цифрлық құзыреттерін дамыту және халықаралық тәжірибені білім беру жүйесіне енгізу министрліктің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Осы бағыттағы халықаралық серіктестік алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Еске салсақ, 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім гранттарының бөлінісі жарияланды.