Кентау колледжінің студенті Мажарстандағы байқаудың жүлдегері атанды

Кентау колледжінің студенті Мажарстандағы байқаудың жүлдегері атанды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Түркістан облысындағы Кентау көпсалалы колледжінің студенті халықаралық байқауда жүлделі орын иеленді. Колледждің «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығының 2-курс студенті Рысхан Ақмарал Мажарстан астанасы Будапешт қаласында өткен халықаралық жарыста III орын алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Байқау «Кескіндеме және сәндік жұмыстар» құзыреттілігі бойынша ұйымдастырылып, халықаралық достық кездесу аясында өтті. Оған Мажарстан, Италия, Чехия, Қазақстан және Ұлыбритания елдерінен үміткерлер қатысты. Жарыс барысында қатысушылар кәсіби шеберлігін, шығармашылық қабілетін және дайындық деңгейін көрсетті.

Рысхан Ақмарал теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, тапсырмаларды сапалы әрі уақытында орындап, сарапшылардан жоғары баға алды.

Айта кетейік, Ақмарал бұған дейін Түркістан облыстық чемпионатында осы құзыреттілік бойынша I орын алып, республикалық кезеңге жолдама алған еді. Сонымен қатар ол WorldSkills Kazakhstan 2025 республикалық чемпионатының алтын медаль иегері және RegionSkills 2024–2025 чемпионаттарының жеңімпазы. Қазіргі уақытта студент WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионатына дайындалып жүр.