Қазақстанда алғаш рет цифрлық деректер өнімдерімен алмасу және олардың айналымы платформасы енгізіледі
Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун мен Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Спикерлердің сөзінше, Цифрлық кодекс салалық заңнамалардағы шашыраңқы ережелерді біріктіріп, құқықтық қайшылықтарды жойды және цифрлық салада бірыңғай жұмыс қағидаларын енгізді.
Эталондық цифрлық деректерді қамтитын ұлттық регистр қалыптастырылды. Енді мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар және квазимемлекеттік сектор субъектілері қызмет көрсету кезінде (ұлттық регистрде бар болған жағдайда) қажетті цифрлық деректерді тікелей осы регистрден алуға міндетті.
Мемлекеттік басқаруды цифрландыру қарқынын жеделдету мақсатында «цифрлық үкіметтің» цифрлық нысандарын құру мен дамытудағы ұзақ уақыт алатын рәсімдер алынып тасталмақ. Енді бюджет рәсімдері тек технологиялық тұрғыда күрделі цифрлық объектілерге ғана қолданылмақ.
Бұған дейін Қазақстанның Цифрлық кодекс құжатын қабылдаған әлемдегі екінші ел атанғанын жазған едік.