Қазақстан мен Ресей сауда-экономикалық байланыстарды нығайтпақ

Бүгін, 19:45
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстан мен Ресей сауда-экономикалық байланыстарды нығайтпақ
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Қазақстанға жұмыс сапары аясында екіжақты келіссөздер жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, өнеркәсіп пен энергетика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, көлік-логистика және экология бағыттарындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылауда.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің бірлескен күш-жігерінің арқасында қазақ-ресей қатынастары өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көтерілді. Соңғы жылдары өзара сауда көлемі 30 млрд-тық межеге едәуір жақындады», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Ресей Қазақстан экономикасына инвестиция салу бойынша жетекші елдердің бірі болып отыр. Өткен жылдың тоғыз айында Қазақстанға 2,1 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылса, соңғы 20 жылда бұл көрсеткіш 28,5 млрд долларға жеткен. Өз кезегінде Қазақстан да Ресей экономикасына шамамен 9 млрд доллар инвестиция салған.

«Сізді және қазақстандықтарды тарихи оқиғамен, жаңа Конституцияларыңыздың қабылдануымен шын жүректен құттықтаймын. Референдум нәтижесі Қазақстан халқының ел Президенті, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың заманауи әрі өркендеген мемлекет құру, республика азаматтарының әл-ауқатын арттыру бағытын қолдайтынын нақтылай түсті», - деді Михаил Мишустин.