Қазақстан мен Өзбекстан адам құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл офисінің өкілдері Өзбекстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығының директоры, БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің мүшесі Акмал Саидовпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесу барысында тараптар адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйелерін дамыту, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіру және халықаралық құқық қорғау тетіктері аясындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстандық тарап республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның негізгі ережелерін таныстырып, елде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында жүзеге асырылып жатқан саяси және құқықтық реформалар жөнінде ақпарат берді.
Өз кезегінде Акмал Саидов Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға берді.
– Жаңа Конституция қазақ халқының ұлттық құқықтық бірегейлігін айқындайды. Сонымен қатар ол халықаралық стандарттар мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, мемлекеттілік пен құқықтық жүйенің өзіндік моделін дамытуға ұмтылысты көрсетеді, – деді ол.
Бұған дейін Ташкенттегі форумда Қазақстандағы конституциялық реформалар таныстырылғанын жазғанбыз.