«Қазақстан балалары»: Астанада бала дамуын бақылау бойынша алғашқы тренинг өтті
Қазақстанда «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы ресми түрде іске қосылды. Денсаулық сақтау министрлігі 30 маңызды бастаманы жүзеге асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Олардың қатарында әрбір баланың дені сау болашағын қамтамасыз ету үшін ерте анықтау және қолдау жүйесін дамыту көзделген.
Осы күндері Астана қаласының емханаларында ерте шақтағы балалармен жұмыс істейтін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының 60 маманы үшін Бала дамуын мониторингтеудің халықаралық нұсқаулығы (БДМХН) бойынша алғашқы тренинг басталды. Қатысушылардың арасында тәжірибелі дәрігерлер мен еліміздегі барлық медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары бар.
Алдағы уақытта мұндай тренингтер Қазақстанның барлық өңірлерінде өткізіліп, БДМХН әдістемесі ұлттық деңгейде қолжетімді болады. Бұл жұмыстардың барлығы Үкіметтің 2026 жылғы 27 қаңтарда бекіткен «Сәтті бастау» ерте даму және ерте араласу жөніндегі кешенді жоспар мен «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылуда.
Ерте анықтау мен ерте араласу мүгедектіктің алдын алып, өмірді сақтаумен қатар, 6 жасқа дейінгі әрбір балаға – бұл 2,3 миллионнан астам бүлдіршін – өз әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
Көпжылдық зерттеулер негізінде әзірленген Бала дамуын мониторингтеудің халықаралық нұсқаулығы (БДМХН) дамуындағы қиындықтарды анықтаумен қатар, баланың мықты тұстарына назар аудара отырып, отбасыларды қолдауға бағытталған тиімді шешімдерді ұсынады.
Бүгінде ел бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының жанынан 336 даму және ерте араласу орталығы ашылған. Бұл орталықтарда отбасылар жан-жақты қолдау табады, ал ата-аналар кері байланыс арқылы орталықтардың жұмысын жетілдіруге атсалысып, балаларға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға үлес қосуда.
Еске салайық, Үкімет «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасын бекітті.