Қазақстан ара балының экспортын 2,5 есеге ұлғайтты
Ара балының көп бөлігі Өзбекстанға жеткізілген, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ-ға сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, былтыр балды шетелге шығару көлемі 2,5 есеге артып, отандық өнімге халықаралық сұраныстың жоғары екенін дәлелдей отырып, сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін кеңейтті.
«2025 жылы шетелге 1 477 тонна бал жеткізілді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 603 тонна болған. Негізгі бағыт – Өзбекстан, оған 1 264 тонна немесе жалпы көлемнің 85,6 пайызы тиесілі. Сонымен қатар қазақстандық бал Канада, Қытай, Сауд Арабиясы, Ресей және Америка Құрама Штаттарына шығарылды. Алғаш рет Оман еліне де өнім жеткізілді», - делінген хабарламада.
Балды сырттан әкелу едәуір азайып, 2024 жылғы 1 663 тоннадан 262,4 тоннаға дейін төмендеді. Бұл ішкі өндірістің артқанын және отандық өндірушілердің нарықтағы орны нығайғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарында 241 мың ара ұясы бар. Оның 90,2 мыңы – асыл тұқымды.
Жыл сайын шамамен 5 мың тонна бал өндіріледі. Соның 2,3 мың тоннасы жеке қосалқы шаруашылықтарға, ал 54 пайызы немесе ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тиесілі.
Еске сала кетсек, ведомство тері мен жүнді қайта өңдейтін өндірістік қуаттар қалпына келтірілетінін мәлімдеген еді.