Қазақ тілі алғаш рет халықаралық олимпиадада жұмыс тілі ретінде бекітілді
Азиаттық-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасында қазақ тілі алғаш рет халықаралық пәндік олимпиаданың жұмыс тілі ретінде қолданылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Олимпиада барысында тапсырмалар мен олардың ресми шешімдері ұйымдастырушының платформасында қазақ тілінде жарияланды. Осылайша, қазақ тілінің халықаралық академиялық коммуникация құралы ретіндегі әлеуеті іс жүзінде дәлелденді.
APLO-2026 олимпиадасы Азиаттық-Тынық мұхиты елдері Қазақстан, Қытай , Жапония, Малайзия, Корея Республикасы, Сингапур және Тайландтан келген 300-ге жуық дарынды оқушыны біріктірді.
Қазақстан құрамасы бұл олимпиадаға үшінші рет қатысып отыр. Биыл ел намысын 8 оқушы қорғады. Нәтижесінде қазақстандық оқушылар 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Сонымен қатар, 4 қатысушы Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жеке есепте Азия елдерінен іріктелген үздік қатысушылар арасында Шыңғыс Қарасаев 9-орынды иеленді. Ал командалық есепте Қазақстан құрамасы 8-орынға тұрақтады. Алтын медальді Орал қаласындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Шыңғыс Қарасаев жеңіп алды.
Күміс жүлдені Астана қаласының Нұра ауданындағы жаратылыстану-математика бағытындағы Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әмірбек Азатбеков иеленді. Ақтау қаласындағы мамандандырылған IT-лицейінің 11-сынып оқушысы Рамазан Ботантаев пен Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы Абай атындағы мектеп-лицейдің 11-сынып оқушысы Кирилл Тұрғымбаев қола медаль иегері атанды.
Еске сала кетсек,, халықаралық EGMO олимпиадасында оқушыларымыз үш медаль иеленді.