Қазақстандық оқушылар халықаралық EGMO олимпиадасында үш медаль иеленді
Францияның Бордо қаласында өткен EGMO-2026 қыздарға арналған халықаралық математикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Жарысқа 66 елден 247 оқушы қыз қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 медаль иеленді. Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Юлия Катунина мен Алматы қаласындағы С.Қожықов атындағы №39 мамандандырылған лицейінің 11-сынып оқушысы Аружан Қайрат күміс медальді, ал Алматы қаласындағы жаратылыстану-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Вера Которова қола медальді еншіледі.

Құрама команданы Антон Васильев пен Марат Нысанбаев жаттықтырған. Жалпы командалық есепте Қазақстан 66 елдің ішінде 20-орынды иеленсе, ресми еуропалық елдер арасында 10-орынға тұрақтады.
Айта кету керек, 2017 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы EGMO олимпиадасында 3 алтын, 16 күміс, 17 қола медаль және 4 құрмет грамотасын жеңіп алған.
Бұған дейін Астанада жасанды интеллект бойынша республикалық олимпиаданың үздіктері марапатталғанын жаздық.