Қарағандыда балалар үйі тәрбиеленушілерінен 10 миллион теңге бопсалаған топтың қылмысы әшкере болды
Қарағандыда полиция балалар мекемесінің тәрбиеленушілерінен ақша бопсалаумен айналысқан топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«8 қаңтарда Қарағанды қаласында полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері прокуратурамен өзара іс-қимыл барысында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған арнайы мемлекеттік төлемдерден ақша бопсалауға қатысы бар ұйымдасқан топтың заңсыз әрекетін әшкереледі», - делінген хабарламада.
Жедел іс-шаралар барысында өңірдегі балаларға арналған мекемелердің бірінің тәрбиеленушілері қылмыскерлердің құрбаны болғаны анықталды.
Алдын ала мәліметке сүйенсек, соңғы жарты жыл ішінде күдіктілер алдау, қорқыту және физикалық күш қолдану арқылы бірнеше жәбірленушіден жалпы сомасы 10 миллион теңгеден аса қаражатты иемденген. Оларды арнайы шоттардан ақша шешуге, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарында несие рәсімдеуге мәжбүрлеген. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде күдіктілерден автоматты атыс қаруына арналған оқжатарлар және жүзден аса оқ-дәрі тәркіленді.
Аталған дерек бойынша бопсалау белгілерімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Барлық күдікті ұсталды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Полиция олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
Бұған дейін ШҚО-да дүкен кассирі миллионнан аса ақша ұрлағаны үшін сотталғанын жаздық.