Қарағанды зообағына Қызыл кітапқа енген гиеналар әкелінді
Қарағанды зообағында үш жолақты гиена мен екі гиенатектес ит қоныстанды. Жыртқыштардың бәрі жас, қазіргі уақытта жаңа орынға бейімделіп жатыр , деп хабарлайды Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Жолақты гиеналар 2008 жылдан бері Халықаралық Қызыл кітапқа енгізілген. Қарағанды зоологиялық бағының коллекциясында жолақты гиеналар алғаш рет пайда болып отыр.
Қазір мұнда жолақты гиенаның екі ұрғашы мен бір аталығы, сондай-ақ гиенатектес иттердің бір аталығы мен бір ұрғашы түрі бар. Жануарлар Қарағандыға Ереваннан алмасу бағдарламасы аясында жеткізілді.
Зообақ директоры Гүлнар Адамбекованың айтуынша, жануарларды беру жөніндегі келіссөздер шамамен бір жыл жүргізілген.
«Бізге жолақты гиеналар мен гиенатектес иттерді беру туралы келіссөз шамамен бір жылға созылды. Осы уақыт ішінде біз олар үшін кең вольер дайындап, күтім жасауға қатысты барлық қажетті ақпаратты зерделедік. Жалпы алғанда, оларды күту күрделі емес, азық рационы да экзотикалық емес. Олар ет, тауық еті, тірі жем жейді. Біз жыртқыштарымызды да осындай азықпен қоректендіреміз», - деді Гүлнар Адамбекова.
Көктемге дейін жыртқыштар жылытылатын ғимаратта болады. Жылы кезең басталғанда оларды қасқырлардың жанындағы ашық вольерге көшіру жоспарланып отыр.
