Референдум-2026

Қарағанды облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,2 пайызға өсті

Қарағанды облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,2 пайызға өсті
Фото: pexels.com

Жыл басынан бері Қарағанды облысында өңдеуші сектордың өсуі 6,3 пайызды құрап, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 433 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Жартыжылдық қорытындысы бойынша облыс өнеркәсібінің нақты көлем индексі 105,2 пайызды құрап, маусым айы бойынша көрсеткіш 0,2 пайызға өскені байқалды. Өңдеу секторының жартыжылдықтағы өсімі 6,3 пайызды, шойын мен болат өндірісі көлемінің өсуі тиісінше 4,6 пайызды және 0,7 пайызды құрады», – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша инвестицияның 30%-дан астамы өндірісті техникалық қайта жабдықтау мен автоматтандыруға бағытталған. Жыл соңына дейін облыста 2,8 мыңнан астам жұмыс орнын ашумен, жалпы құны 322,8 млрд теңгені құрайтын 44 инвестициялық жоба іске қосылады.

Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 187 мың шаршы метрді, көлік саласында нақты көлем индексі 98,7%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 118,4 млрд теңгені құрады, жыл соңына дейін АӨК саласында 65,4 млрд теңгенің 32 инвестициялық жобасы жүзеге асырылады.

Бұған дейін ҚР сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкімет отырысында еліміздегі сауда саласының дамуы туралы баяндағанын жаздық