Қарағанды облысында коммуналдық қызметке жиналған 3,1 млрд теңге тұрғындарға қайтарылады

Қарағанды облысында коммуналдық қызметке жиналған 3,1 млрд теңге тұрғындарға қайтарылады
Фото: freepik.com

Қарағанды облысының тұрғындарына коммуналдық қызметтер үшін 3,1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылады. Бұл қаржыны 18 кәсіпорын тариф арқылы алғанымен, жоспарланған мақсаттарға толық жұмсамаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Табиғи монополияларды реттеу комитетіне сілтеме жасап.

Қаржыны комитеттің Қарағанды облысы бойынша департаменті 2024 жылға арналған есептерді талдау қорытындысы бойынша анықтады.

«Департамент 73 табиғи монополия субъектісі ұсынған 200 есепті зерделеген. Олардың ішінде тариф сметаларының орындалуы және инвестициялық бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөніндегі есептер бар. Талдау барысында 18 табиғи монополия субъектісі бекітілген тарифтік сметаларда көзделген бірқатар жұмыс пен шығындарды толық орындамағаны анықталған», делінген хабарламада.

Заңнамаға сәйкес, мұндай жағдайда тұтынушыларға қаражатты қайтару үшін өтемдік тариф енгізіледі. Осы тетік арқылы облыс тұрғындарына Ұлттық банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесін ескере отырып, 3,1 млрд теңге қайтарылады.

Өтемдік тарифтер бір жыл ішінде — 2026 жылғы 1 қаңтардан 2027 жылғы 1 наурызға дейін қолданылады.

Қайтарылатын қаражат қызмет түрлері бойынша былай бөлінеді:

сумен жабдықтау және су бұру қызметтері – 2,27 млрд теңге;

электр энергиясын жеткізу қызметтері – 669,6 млн теңге;

жылумен жабдықтау қызметтері – 107,7 млн теңге;

кірме жолдар қызметтері – 3,7 млн теңге;

газбен жабдықтау қызметтері – 55,6 млн теңге.

Еске сала кетсек, өткен жылы Қазақстанда энергия тапшылығы 29%-ға төмендеді.