Қарағанды мен Гори бауырлас қалаларға айналады
Қарағанды облысына Гори, Каспи, Карели және Хашури муниципалитеттеріндегі мемлекеттік өкіл (губернатор) Симон Гуледанидің жетекшілігімен грузин делегациясы келді , деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен өткен кездесуде өзара ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері талқыланып, Қарағанды мен Гори қалалары арасында бауырластық байланыс орнату туралы меморандумға қол қойылды.

Ермағанбет Бөлекпаев өңірдің өзара тиімді әріптестікке әрдайым ашық екенін атап өтті.
«Облыс өнімдері 50-ден астам елге, соның ішінде Грузияға экспортталады. Дегенмен тауар айналымы әзірге айтарлықтай жоғары емес, сондықтан ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бар. Өңірдің қолайлы инвестициялық ахуалы, бай шикізат қоры және тиімді географиялық орналасуы экономикаға инвестиция тартуға оң жағдай жасап отыр», – деді Бөлекпаев.
Ол туризм саласында да әріптестікті нығайтуды ұсынды.

Өз кезегінде Симон Гуледани ынтымақтастыққа қызығушылық жоғары екенін жеткізді. Оның айтуынша, туризмнен бөлек, өңірде ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және құрылыс материалдарын өндіру салалары жақсы дамыған.
«Біздің достығымыз бен ынтымақтастығымыз ұзақ мерзімді әрі нәтижелі болады. Бұған барлық алғышарттар бар», – деді ол.

Гори қаласының мэрі Константин Бузаладзе Қарағандының Қазақстандағы алғашқы бауырлас қала болатынын атап өтті.
Сондай-ақ ол жылы қабылдау үшін алғыс білдіріп, экономика, туризм және өзге де бағыттар бойынша серіктестікті дамытуға дайын екенін жеткізді.
Бұған дейін Қарағанды облысында 500 МВт жел электр станциясы іске қосылатынын жазған едік.