Қала құрылысына отандық өнімді пайдаланған жөн - Президент
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Жұмысты дұрыс ұйымдастырсақ, Alatau city жобасы құрылысқа және жалпы ел экономикасына мықты серпін беретіні анық.
Құрылысты толық әрі қарқынды жүргізу үшін жер мәселесін шұғыл шешу керек.
Алматы облысының жері өте шұрайлы екені баршаға мәлім. Қаладағы және іргелес аумақтағы жер телімдерінің көпшілігі жеке меншікте немесе ұзақ мерзімге жалға берілген. Олардың басым бөлігі әлі күнге дейін игерілмей жатыр.
Мемлекет қажетті нысандар салып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін жер телімдерін сатып алуға мәжбүр болып отыр. Бұл жағдай бүкіл жұмысқа үлкен кедергі келтіруде.
Өкінішке қарай, құрылысы басталған жобалардың саны жоспарға сай емес, яғни, әлдеқайда аз. 2024-2025 жылдардың өзінде қолданылмай жатқан 16 мың гектардан астам жер анықталды. Бірақ оның бар-жоғы 688 гектары ғана мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмыс көптен шешімін таппай келе жатқан шектеулер мен рәсімдік кедергілерге байланысты өте баяу жүріп жатыр.
Осы мәселе бойынша билік мекемелерінің қауқарсыздық көрсетуге хақы жоқ», - деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы елімізде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер телімдерін пайдаланудың айрықша шарттары әзірленгенін айтты. Аталған құқықтық режим Конституциялық заң арқылы бекітілді.
«Арнайы басқару режиміне сәйкес Кеңестің, Реттеуші комиссияның және қала әкімшілігінің құзыреттері нақты белгіленді. Сондықтан қағазбастылыққа салынбай, барынша жедел және сапалы жұмыс істеу керек.
Алдымен баса назар аударатын мәселелерді қолға алу қажет. Мысалы, қоқыс полигондарынан үнемі өрт шығады, бұл мәселені шұғыл және түпкілікті шешкен жөн.
Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жұмысын да назарда ұстау қажет. Қалаға жақын аумақта 30-ға жуық жер қойнауын пайдаланушы компания қызмет етіп жатыр. Олардың басым бөлігі экологиялық заңнама талаптарын және өнеркәсіп қауіпсіздігінің нормаларын сақтамайды.
Тіпті, мұндай заңсыз әрекеттер жүйелі сипат алып кеткен деп айтсақ, артық болмайды. Өкінішке қарай, қызметін толық немесе уақытша тоқтатқан көптеген компания жерді қалпына келтіру жұмысымен мүлде айналыспайды.
Осы мәселені шешу – жергілікті атқарушы органның тікелей міндеті. Үкімет бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Президент Әкімшілігі осы жұмысқа қосылуы қажет», - деді Мемлекет басшысы.