Экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету қажет. Инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту керек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің диалог-платформасында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.
«Бүгінгі жиында ауыл әкімдерімен қатар, Үкімет мүшелері және облыс әкімдері отыр. Өздеріңіз білесіздер, мен Үкіметке экономиканы сауықтыру үшін Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Осыған орай, өткен аптада үш жылға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Құжатта көрсетілген шаралар сапалы әрі уақтылы орындалуы керек. Бұл жұмысқа облыс әкімдері белсене атсалысуға тиіс. Нақты ойластырылған ұсыныстарды Үкіметке енгізуге рұқсат беремін», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент алға қойылған басты мақсаттар туралы да айтып өтті.
«Алдымызда тұрған басты мақсаттар: экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету қажет; инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту қажет; жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыру керек; дайын өнім экспортын көбейту қажет. Мемлекетіміздің алдында әлі де көптеген сынақ пайда болуы мүмкін. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал тұрақты емес, келешегі бұлыңғыр деуге болады. Кейбір елдердің егемендігі, жерінің тұтастығы әлі толық шешілмеген, тіпті, бұл мәселе халықаралық даулардың өзекті тақырыбына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп кетті, жаһандық экономика да құбылмалы күйде. Сондықтан бәріміз бір ұлт болып, қырағылықты сақтауымыз керек, жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, дұрыс тәрбие беруіміз қажет, ішкі даулардан аулақ болып, ынтымақ-бірлігімізді нығайтуымыз керек. Жалпы, бәрімізге ортақ аса маңызды міндет – ел мүддесіне тиімді қызмет ету. Қазақстанның егемендігі, дербестігі, тәуелсіздігі – бәрінен қымбат. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған ең биік мақсат. Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!» - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.