Референдум-2026

Президент депутаттардың өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсеткенін айтты

Бүгін, 12:58
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Президент депутаттардың өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсеткенін айтты
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастырудағы депутаттар рөлін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Бірінші. Мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыру.
 
Әлгінде айтып өткенімдей, осы шақырылымдағы Парламент депутаттары заң шығару ісінде сапалы жұмыс атқаруымен есте қалады. Депутаттар корпусы өз қызметінде бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті.
 
Сіздер Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне, сондай-ақ Конституцияны әзірлеп, қабылдауға зор үлес қостыңыздар.
 
Кез келген депутат саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерінің келесі буынына, балалары мен немерелеріне: «Мен 2026 жылы қабылданған Конституцияны дайындауға тікелей қатысқанмын» деп еш ұялмай айта алады», - деді ол. 

Жалпы, депутаттық корпус парламенттік реформаны толық қолдады. Сол арқылы саяси және азаматтық жауапкершілік танытып, ұлт мүддесі бәрінен биік тұратынын бүкіл әлемге паш етті.
 

«Осында отырған біраз депутат Конституциялық комиссия құрамында болды. Сіздер азаматтармен кездесіп, мемлекетіміздің тұрпатын өзгертетін, экономикалық әлеуетін күшейтетін реформалардың мән-маңызын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп бердіңіздер.
 
Сіздер жалпыхалықтық референдумда Ата заңымыз қабылданған соң мемлекетіміздің құқықтық жүйесін жедел әрі сапалы жаңарту жұмысын жүргіздіңіздер.
 
Өте қысқа мерзімде еліміздің заңнамасын жаңа Конституция нормаларына сай өзгерту жұмысын атқардыңыздар. Атап айтқанда, Парламент 9 заң топтамасын, соның ішінде 6 конституциялық заңды шұғыл әзірлеп, қабылдады», - деді Президент.