Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөніндегі кеңесте Үкіметке авиаотын мәселесін түбегейлі шешуді тапсырды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің пікірінше, саланы дамытуда негізгі екі мәселе бар. Бұл – бағаның жоғары болуы және ішкі өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі.
«Ең әуелі, алдағы үш жылда еліміздің ішкі өндіріс көлемін арттыру, импортты әртараптандыру керек. Ақылға қонымды бәсекелестік сақталуға тиіс. Реттеу ісіндегі барлық өзгеріс кезең-кезеңімен әрі нақты, отынды тұрақты жеткізуге кедергі келтірмей іске асырылуы қажет. Жұмыс істеп тұрған ұйымдар базасында авиация ғылыми-зерттеу институтын құрған және отынды сертификаттау зертханасын ашқан жөн. Үкіметке монополияға қарсы органдармен бірге аталған мәселелерді шешу бойынша тез арада кешенді шара қабылдауды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің географиялық артықшылықтарын тиімді пайдалану қажет екенін айтқанын жаздық.