Президент: Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға мән беруі тиіс

Президент: Аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға мән беруі тиіс
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында осылай мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап. 

Ммелекет басшысы жиында сөз сөйлеген азаматтарға ризашылығын білдірді. Олардың айтқан салмақты, пайдалы ой-пікірлері Парламенттің, Үкіметтің алдағы жұмысында ескерілетінін жеткізді. 

«Шын мәнінде, бұл басқосудың еліміз үшін мән-маңызы айрықша. Бүгінгі форумға барлық аймақтан жергілікті билік өкілдері арнайы келді. Қазір осы залда миллиондаған отандасымыздың мүддесін қорғап жүрген екі мыңға жуық депутат отыр. 

Сіздер халықпен тығыз жұмыс істеп жүрсіздер. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жақсы білесіздер. Сондықтан мен Мемлекет басшысы ретінде Сіздер атқарып жатқан жұмысты ұдайы басты назарда ұстаймын.
Жалпы, мұндай жиын өңірлік саясаттың тиімділігін бағалап, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік береді. 
Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда кең ауқымды, тарихи өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Игі бастамалардың бәрі де халықтың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынды. Біз мемлекеттік басқару жүйесін, экономиканы және әлеуметтік саланы түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Бұл орайда, мәслихаттардың алдында тұрған миссия – айрықша», - деді Президент.  

Оның айтуынша, өкілді органдарды күшейту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болып қала береді.  

«Біз бұған дейін біраз шаруа атқардық. «Қуатты аймақтар – қуатты ел» қағидатына сәйкес мәслихаттардың беделін көтердік. Соның арқасында осы құрылымдар мемлекеттік басқару жүйесіндегі басты институттың біріне айналды. Дегенмен мәслихаттардың әлеуетін одан әрі күшейту үшін бірқатар міндетті орындауымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аймақтар өз бюджетін мұқият жоспарлап, табысын арттыруға баса мән беруге тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті биліктің әлеуеті және аймақтардың қаржылық дербестігін біртіндеп күшейтіліп жатыр. 

«Былтыр ауылдық округтердің бюджеті 442 миллиард теңгеден асты. Бұл қаражаттың үштен бірі – елді мекендердің өз табысы. Оның үстіне, еліміздегі ауылдық округтердің орташа бюджеті 190 миллион теңгеге жетті. Бұл – едәуір жақсы көрсеткіш. 

Биылдан бастап ауылдық округтер қосымша табыс көзіне ие болмақ. Атап айтқанда, кең таралған пайдалы қазбалар өндірісіне, жерасты сулары мен емдік балшықтарды пайдалануға салынатын салықты өздері жинап, қажетіне жаратады», - деді ол.  

Президент өз тапсырмасына сәйкес қазір Үкімет заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге салынатын мүлік салығының бір бөлігін төртінші деңгейдегі бюджеттерге беру мәселесін пысықтап жатқанына тоқталды. 

«Сондай-ақ аймақтарға жекелеген қызмет түрімен айналысуға арналған лицензиялық алымнан, экологиялық айыппұлдардан түсетін қаражат та берілуі мүмкін. Бұл – өте дұрыс ұстаным. Түскен табыс, ең алдымен, сол аймақты дамытуға жұмсалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті жерде қордаланған мәселелерді шешу үшін мүмкіндік те, ресурс та арта түспек.
Аймақтарда бюджетті жоспарлау және орындау жұмысының сапасын арттыру айрықша маңызды. Мен мұны Үкіметтің жақында өткен кеңейтілген отырысында айттым. 

Қазіргі тәртіпке сәйкес жергілікті бюджет бекітілетін кезде депутаттарға жалпы мәлімет қана ұсынылады, тиісті түсініктемелер берілмейді. Сондай-ақ бюджет жобасы мәслихаттың қарауына соңғы сәтте жолданады. Сол себепті оны депутаттар үстірт қарап, қысқа мерзім ішінде қабылдауына тура келеді. Соның салдарынан қаражат халықтың нақты қажеттілігін өтемейтін, тиімсіз жобаларға жұмсалып кететін жағдайлар пайда болады», - деді ол. 

Мемлекет басшысы ешкімге нақты жауапкершілік жүктелмеген соң, мәселе сұраусыз қалатынын айтып, бұл жергілікті деңгейде тиісті бақылау жүргізілмейді деген сөз екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың наразылығын туғызады. 

«Мұндай келеңсіздікке тосқауыл қою үшін өкілді орган бюджетті жоспарлау үдерісіне әуел бастан атсалысуы керек. Бірақ бюджет бойынша барлық талқылау тек мемлекет пен өңірлік мүдделерге негізделуге тиіс, лоббизмге немесе популизмге жол бермеу керек. Басты ұстаным – бәрі де халық үшін», - деді Президент.