Пойыздардағы санитариялық өңдеу қалай жүргізіледі
Әлеуметтік желілерде пойыздарда жәндіктердің анықталғаны туралы жарияланымдарға байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ санитариялық қауіпсіздік шаралары туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ мәліметінше, мұндай жағдайлар Ұлттық тасымалдаушы пойыздарында ғана емес, еліміздегі өзге де теміржол операторларының вагондарында кездесуі мүмкін. Ал «Жолаушылар тасымалы» АҚ пойыздарында жәндіктер анықталған жағдайда жауапты қызметтер дереу тиісті шаралар қабылдайды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен санитариялық қағидаларға сәйкес, әрбір жолаушы вагоны рейске шығар алдында міндетті түрде санитариялық өңдеуден өтеді.
Ол үш кезеңнен тұрады: дезинфекция – жұқпалы аурулардың алдын алу үшін әр рейс алдында жүргізіледі, дезинсекция – жәндіктерге қарсы айына кемінде бір рет және қажет болған жағдайда қосымша жасалады, ал дератизация кеміргіштердің таралуының алдын алу мақсатында тұрақты жүргізіледі.

Әр санитариялық өңдеуден кейін вагондардың жай-күйі тексеріледі. Егер жәндіктер қайта анықталса, вагон қосымша өңдеуден өткізіліп, мәселе толық шешілгенге дейін рейске шығарылмайды.
Компания санитариялық жұмыстарды арнайы рұқсаты бар мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен жүргізетінін атап өтті.

Пойыздағы қызмет көрсету сапасына немесе санитариялық жағдайға қатысты жолаушылар WhatsApp желісіндегі +7 776 714 5686 нөміріне хабарласа алады. Сонымен қатар әр вагонда орналасқан QR-код арқылы операторға тікелей өтініш жолдау мүмкіндігі бар. Қосымша ақпарат тәулік бойы жұмыс істейтін 1433 байланыс орталығы арқылы беріледі.
Бұған дейін Ақмола облысында төрт теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілгенін жаздық.