Павлодарда жоғары стандартты бензин компонентін өндіретін зауыт салынып жатыр
Павлодар қаласында салынып жатқан алкилат өндіретін зауыт – еліміздің мұнай-газ-химия саласын дамыту, көмірсутек шикізатын терең өңдеуді кеңейту және қосылған құны жоғары өнім өндіру бағытындағы жобаның бірі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Құны 35,5 млрд теңге инвестициялық жобаны «Intertrans C.А.» ЖШС жүзеге асырып жатыр.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында су деңгейін төмендету жүргізіліп, тауарлық парк пен сорғы станциясына арналған іргетас қаланып, сондай-ақ әкімшілік ғимарат салынып жатыр.
«Жоба жылына 110 мың тонна бутан-бутилен фракциясынан 97,6 мың тонна алкилат өндіруді көздейді. Алкилат – жоғары октанды әрі экологиялық таза мотор отынының компоненті, ол К5 стандартына сәйкес келетін бензин өндіруде пайдаланылады.
Жобаны іске асыру көмірсутек шикізатын тереңірек өңдеуді қамтамасыз етіп, мұнай-газ-химия саласы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді. Айта кетейік, негізгі өткізу нарығы жоғары октанды бензин өндіретін отандық зауыттар. Сонымен қатар экспортқа шығару қарастырылуда», делінген хабарламада.

Құрылыс кезінде 500-ге дейін жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін 178 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу 2026 жылдың IV тоқсанына, зауытты пайдалануға беру 2027 жылдың IV тоқсанында жоспарланып отыр.
Еске сала кетсек, елімізде жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр қуаты 1,7 есеге артты.