Қазақстанда алаяқтардың мыңнан астам аккаунты мен хабарландыруы бұғатталды

Қазақстанда алаяқтардың мыңнан астам аккаунты мен хабарландыруы бұғатталды
Фото: Бас прокуратура

Қазақстанда интернет арқылы азаматтарды алдау үшін пайдаланылған 1 мыңнан астам аккаунт пен хабарландыру бұғатталды. Бұл Бас прокуратура мен «Kolesa Group» компаниясының бірлескен жұмысының нәтижесінде жүзеге асырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында Бас прокуратура мен «Kolesa Group» компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Құжат аясында тараптар ақпаратпен жедел алмасып, қылмыстық істерді тергеуге қажетті деректерді ұсынуға және алаяқтық аккаунттар мен хабарландыруларды бұғаттауға бағытталған шараларды бірлесіп қабылдауға келісті.

Бұл интернет арқылы жасалатын алаяқтыққа қатысы бар адамдарды жедел анықтауға және олардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесуге мүмкіндік береді.

Бас прокуратура азаматтарға өз аккаунттары мен жеке деректерін бөгде адамдарға бермеу керектігін ескертті.

Атап айтқанда, қандай мақсатта пайдаланылатыны белгісіз болса, басқа адамдардың өтініші бойынша есептік жазба ашуға немесе хабарландыру орналастыруға болмайды.

Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай аккаунттар алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылған жағдайда олардың иелері қылмысқа көмектесуші ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін.

Мұндай қылмыс үшін заңнамада 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Бұған дейін елімізде интернет-алаяқтық үш жылда 40 пайызға азайғаны туралы хабарланды.