Пара жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері: Өзгерістер оң нәтиже берері сөзсіз

Бүгін, 16:28
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Пара жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері: Өзгерістер оң нәтиже берері сөзсіз
Фото: Сиязбек Далиевтың жеке мұрағатынан

Жаңа Конституция жобасындағы жаңашылдықтар мен заңнамалық өзгерістер еліміздің әл-ауқатын арттырып, тәуелсіздік тұғырын биіктете түсеріне сенім мол. Мұндай пікірді пара жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сиязбек Далиев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Әсіресе, спорт саласына көңіл бөлу еліміздің халықаралық аренадағы беделін одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Атап айтқанда, спорт саласын басқару жүйесін жетілдіру, спортшылардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлу – өте маңызды. Спорт саласын жетілдіру үшін бірнеше бағытта жұмыс жүргізу қажет. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, яғни спорттық ғимараттар мен алаңдар салу, спортшыларды қолдау, гранттар, стипендиялар, медициналық қамтамасыз ету, жаттықтырушыларды даярлау, біліктілікті арттыру курстарын өткізу керек», - деді спортшы.

Оның айтуынша, елімізде соңғы жылдары бұқаралық спортты дамытуға қатты көңіл бөлініп, халық арасында оны насихаттау шаралары күшейді.

«Сонымен қатар спорт менеджментін жетілдіруге ден қойылуда. Бұл салада халықаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы шетелдік тәжірибені енгізу мәселесі де өзекті.  Спорт саласын жетілдіру еліміздің спорттық дамуына және халықтың денсаулығына оң әсер етеді. Дені сау ұлт - болашағы жарқын мемлекетті құрайды. Осы ретте аталған жаңа Конституциялық жобадағы өзгерістер оң нәтиже берері сөзсіз», - деді Сиязбек Далиев.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы жарияланғанын жаздық.