Астанада екі алаяқ азамат бірнеше жыл бойы өзін мемлекеттік бағдарлама өкілі ретінде көрсетіп, адамдарды алдап келген, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Олар кеңсе ашып, жұмыс істеп тұрған ЖШС-лардың атын пайдаланып, азаматтарға Астана мен Алматы қалаларынан жеңілдетілген шарттармен пәтер алып береміз, несие рәсімдеп береміз деп уәде берген.
Бұл уәделерін жалған келісімшарттармен «бекітіп», сендірген. Салдарынан 150 адам алданып, 1 миллиард теңгеден астам қаржысынан айырылған.
«Сот кінәлілерді 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар олар 5 жыл бойы материалдық жауапты және басшылық қызметтер атқара алмайды. Келтірілген шығын да олардан өндірілетін болды», - делінген қалалық прокуратура таратқан ақпаратта.
Прокуратура азаматтарға құжаттары жоқ, күмәнді адамдармен мәміле жасамауға кеңес береді.