Отбасы банк «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасына қосылды

18 сәуір, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Отбасы банк «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасына қосылды
Фото: Ернұр Сағымбек

Бүгін Отбасы банк қызметкерлері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Астанадағы Президенттік саябақ аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтау мен экологиялық мәдениетті арттыруды мақсат еткен сенбілікке банк ұжымы белсенді түрде атсалысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сенбілік барысында қызметкерлер саябақ ішіндегі жаяу жүргінші жолдары мен демалыс аймақтарын қоқыстан тазартып, жасыл желектердің айналасын ретке келтірді.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар 2024 жылдан бері жүйелі түрде жалғасын тауып келеді. Бұл бастама қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды жоба болып отыр. Біз де қоршаған ортаны қорғауға, қаламыздың тазалығына өз үлесімізді қосу мақсатында бүгінгі акцияға қатысуды жөн көрдік. Мұндай игі бастамалар ұжымдық рухты күшейтіп қана қоймай, әрбір қызметкердің экологияға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етеді. Банк қызметкерлері де табиғатқа жанашырлық танытып, айналаны таза ұстау ісіне үнемі белсене атсалысып келеді. Алдағы уақытта да осындай экологиялық бастамалардан шет қалмай, қаланың көркеюіне өз үлесімізді қоса береміз деп сенеміз», – деді Астана қаласындағы Отбасы банк Орталық филиалы директорының орынбасары Жанар Изимбетова.

Сондай-ақ сенбілікте құрғақ жапырақтар мен тұрмыстық қалдықтар жиналып, саябақ аумағының жалпы санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар атқарылды. Бұл өз кезегінде қала тұрғындары үшін қолайлы әрі таза орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі сенбілікке банк қызметкерлері белсенді қатысып, ортақ іске өз үлестерін қосты. Біз үшін бұл тек тазалық жұмыстары ғана емес, қоршаған ортаға деген жанашырлықты көрсету мүмкіндігі. Осындай бастамалар ұжымның бірлігін нығайтып қана қоймай, қоғамға да оң әсер береді. Қаламыздың көркеюіне үлес қосу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», – деді Отбасы банк АҚ Орталық филиалының №4 қызмет көрсету орталығы бастығының орынбасары Азмағамбет Еркебаев.

Жалпы, бұл сенбілік – қала экологиясын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Отбасы банк ұжымы қатысқан игі іс қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыруға өз үлесін қосты.