Отандық әуе компаниясының Boeing 737 MAX 8 жаңа ұшақтары алғашқы рейстерін орындады
Жақында SCAT әуекомпаниясының флотын толықтырған екі жаңа Boeing 737 MAX 8 әуе кемесі Шымкент – Астана – Шымкент бағыты бойынша алғашқы тұрақты рейстерін орындай бастады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Отандық әуе компаниясының паркіне бірден екі жаңа әуе кемесінің қосылуы Қазақстанның авиация саласы үшін елеулі оқиға және қазақстандық авиация нарығының белсенді дамуының тағы бір дәлелі болды. Осы жылдың соңына дейін қазақстандық әуе компанияларының әуе кемелері паркін 118 ұшаққа дейін ұлғайту жоспарлануда, - делінген хабарламада.
ҚР Көлік министрлігі әуе тасымалдарының қолжетімділігін арттыру, маршруттық желіні кеңейту және отандық авиация нарығының бәсекеге қабілеттілігін нығайту, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігінің жоғары деңгейі мен жолаушыларға қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық әуе компанияларының әуе кемелері паркін кеңейту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.
Еске салайық, бұған дейін авиациялық әкімшілік ұшақ жолаушысына қызмет көрсету сапасын арттыру мәселесін қарастыратыны туралы жаздық.