Өңірлік экологиялық саммит: Астанада энергоауысым мәселелері талқыланады

Бүгін, 09:49
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Өңірлік экологиялық саммит: Астанада энергоауысым мәселелері талқыланады
Фото: primeminister.kz

22-24 сәуір аралығында Астанада алғаш рет Өңірлік экологиялық саммит өтеді. Іс-шараның негізгі алаңының бірі, ҚР Энергетика министрлігінің ұйымдастыруымен Орталық Азиядағы әділ энергетикаға көшуге арналған панельдік сессия болмақ, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Әділ энергетикаға көшу мәселелері көптеген елдер үшін өзекті болып қала береді. Жыл сайын әлемдік энергия тұтыну көлемі артып келеді, бұл энергияның барлық көзін – мұнай, газ, көмір, атом, күн және жел генерациясын сақтау мен дамытудың қажеттілігін білдіреді.

Басты міндет – энергия көздерін жоққа шығару емес, олардың әрқайсысын неғұрлым таза әрі тиімді ету. Бірқатар ел энергетикалық саясатында шамадан тыс жарыс кезеңінен кейін қайтадан теңгерімді және прагматикалық тәсілге басымдық беріп отыр. Әсіресе ұлттық ерекшеліктер мен әр мемлекеттің энергетикалық өзгеруі қарқынын ескеру маңызды.

Энергожүйелерді оңтайландыруда, желілердің сенімділігін арттыруда және шығарындыны қысқартуда цифрландыру мен жасанды интеллекттің рөлін ерекше атап өткен жөн.

«Қазақстан әділ энергетикаға көшуде эволюциялық жолды ұстанады. Көмірсутектер экономикада маңызды рөлін сақтайды, сонымен қатар көміртекті аз тарату технологиясын ескеретін таза технология енгізіліп жатыр. Елде жаңартылатын энергетика қарқынды дамып келеді.

Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – Орталық Азия елдері мен басқа мемлекеттерді климаттың өзгеруі, су ресурстарының тозуы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және басқа да өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара. RES 2026 биылғы 22-24 сәуір аралығында Астанада (Қазақстан) өтеді. Саммитке мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, бизнес және ғылым өкілдерінен тұратын 1 500 делегат қатысуы көзделген», - делінген Энергетика министрлігінің ақпаратында.

RES 2026-ны БҰҰ-мен әріптестік аясында өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялаған болатын.

Айта кетейік, RES 2026 туралы ақпаратты res2026.kz сайтынан көре аласыз.

Еске салсақ, елімізде 2030 жылға дейін 660 мегаваттық жаңа cу электр станциялары іске қосылады.