Олжас Бектенов Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесті

Бүгін, 15:56
Думан Аманжол Думан Аманжол
Олжас Бектенов Гонконг әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесті
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасының Гонконг Арнайы әкімшілік ауданы әкімшілігінің Басшысы Джон Лимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, көліктік-логистикалық маршруттарды дамыту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту тетіктері, сондай-ақ цифрландыру, білім беру және туризм саласындағы бірлескен жобалар қаралды.

«Қытаймен өзара тиімді қарым-қатынасты дамыту – Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдықтарының бірі. Бүгінде қазақ-қытай әріптестігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті және тату көршіліктің, өзара сенімнің және ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың үлгісін көрсетіп отыр. Өткен жыл саяси диалогтың қарқындылығы тұрғысынан ерекше маңызды болды. Мемлекет басшылары деңгейіндегі өзара сапарлар мен кездесулер екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектріне қуатты серпін берді», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Гонконг АӘА әкімшілігінің басшысы Джон Ли өткізілген кездесулер мен келіссөздердің нәтижелері Қазақстанмен одан әрі өзара іс-қимылдың жаңа көкжиектерін растағанын атап өтті. Оның айтуынша, Гонконг пен материктік Қытайдың іскер топтарының өкілдері Қазақстанды ынтымақтастықты дамыту және Орталық Азия нарығына шығу алаңы ретінде қарастырады.

«Біз сіздің Президентіңіздің басшылығымен қысқа уақыт ішінде қол жеткізген әсерлі, тұрақты экономикалық өсуді көріп отырмыз. Қазақстан үлкен мүмкіндіктерге, ал Қытаймен қарым-қатынас стратегиялық және ұзақ мерзімді сипатқа ие. Осы сапардың қорытындысы одан арғы ынтымақтастықтың елеулі әлеуетіне және "хабтан хабқа" әріптестік моделін дамытудың қолайлы перспективаларына деген сенімімізді одан әрі нығайтты. Сіздің еліңіз Азия мен Еуропа арасындағы негізгі көлік-логистикалық маршруттардың қиылысында бола отырып, Орталық Азияда стратегиялық орынға ие. Бізде тиімді ынтымақтастық үшін көптеген салалар бар екеніне сенімдімін», - деді Джон Ли.

Айта кетейік, Қытай – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда $48,7 млрд-қа жетті. Қазақстан мен Гонконг арасындағы екіжақты тауар айналымы 40%-ға өсіп, $180 млн-ды құрады. Қазақстанда өңдеуші өнеркәсіп пен озық технологияларды басымдықпен дамытуға бағытталған анағұрлым қолайлы инвестициялық орта құрылған, ол үнемі дамып отырады.

Еске салсақ, Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға Мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілеттіктерін кеңейту бойынша заңнамалық түзетулер әзірлеуді тапсырды.